• Қаз
  • Рус
  • Eng

"ШАЛҚАР АУДАНДЫҚ ТАРИХИ — ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ" КММ

  • Басты бет
  • Музей тарихы
  • Музей құндылықтары
  • Жаңалықтар
  • Экспонат
  • Ғылыми қызмет
  • Қызметкерлер
  • Көпшілік шаралар
  • Көрмелер
  • Мектеп музейлері
  • Бейнероликтер
  • БАҚ жарияланымдары

Бірі би, бірі батыр, бірі әулие құмында бабалардың ізі қалған» атты облыстық конференция

Киелі Шалқар өңірінің топырағынан ел намысы үшін атқа қонған батыр бабаларымыздың рухын ұлықтау арқылы елдің бірлігін нығайту, жастарымыздың бойына патриоттық рух қалыптастыру, елін, жерін сүюге тәрбиелеу, тарихи-мәдени мұраларды жинақтау, музей қорын жаңа жәдігерлермен толықтыру мақсатында Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Тлембаева Нағима Шенекуловна мен Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Досмұратов Фархат Сабыртайұлының бірлесе ұйымдастыруымен «Бірі би, бірі батыр, бірі әулие құмында бабалардың ізі қалған» атты облыстық конференция аудандық Сары Батақұлы атындағы мәдениет үйінде өтті.

Конференцияға:

- Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Орталық Азия және Таяу Шығыс бөлімінің меңгерушісі, (PhD пи-эйч-ди) доктор шығыстанушы ғалым Дүйсенов Бағдат Даниярұлы;
- Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Аман Әлібек Бақытжанұлы;
- «Астана қаласындағы Мемлекет тарихы институтының» Ғалым хатшысы Аманғосов Еркебұлан Русланбекұлы;
- Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Досмұратов Фархат Сабыртайұлы басты қонақ ретінде арнайы шақырылды.
Конференция қонақтарын Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің А.Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрі Нұрқиса Тілендеевтің «Ата толғауы» күйімен қарсы алып, тіркеу жүргізіліп, арнайы «Мәші батыр 1756-1829жж» деп кестеленіп жазылған қазақы бешпет, орамал кигізіліп, музей қорынан жасақталған «Бірі би, бірі батыр, бірі әулие құмында бабалардың ізі қалған» тақырыбындағы көрмеге шолу жүргізілді.
Облыстық конференцияға музей жанынан құрылған «Тарих-халық зердесі» атты ғылыми кеңес мүшелері, Шалқар қаласындағы білім бөлімінен мектеп директорлары, мектеп оқушылары, тарихымызды бағалайтын тарих жанашырлары және жер – жерден келген батыр баба ұрпақтары қатысты.
Сонымен қатар 2025жылғы «Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау туралы» мемемесінің мамандары тарапынан кесене мен оны қоршаған қорым тарихи-мәдени мұра объектісі ретінде есепке алынғандығы жөніндегі тарихи және мәдени ескерткішінің дайындаған паспорты кітапша етіп шығарылды және арнайы шақыру билеттер, Мәші атаның суреті салынған эмблемалар қазақы бешпеттерге, орамалдар, кепкаларға жапсырылып, қонақтара үлестірілді. Қорытынды есебінде конференция барысы кітапша щығарылады.

Ақтөбе өңірінің тарихи шежірелі есткерткіштері мен киелі жерлері туралы арнайы дайындаған:


- «Ақтөбе облысы аумағындағы эпиграфиялық ескерткіштер туралы». Дүйсенов Бағдат Даниярұлы;
- «Балғасын кешені – «Алтын Орда дәуірінің ғажайып ескерткіші». Аман Әлібек Бақытжанұлы;
- «Тарихи жады және ұлттық бірегейлік: өлкетану зерттеулерінің орны» Аманғосов Еркебұлан Русланбекұлы;
- «Облыс аумағындағы тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны қорғау мәселесі туралы» Досмұратов Фархат Сабыртайұлы баяндама жасады.
Сонымен қатар ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, ҚР-ның Жоғарғы Кеңесінің және парламентінің депутаты, комитет төрағасы Қазақстанның Тұңғыш сенаты, Тарих ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қызметкері. «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының 1-ші орынбасары, «Құрмет», «Парасат», «Барыс», «Тәуелсіз мемлекеттер достастығының «Содружество» ордендерімен Халықаралық қауымдастығының «Интелект наци» наградасының иегері Озғанбаев Өмірзақ Озғанбайұлының «Қаракесек: тарихы мен тағдыры» тақырыбындағы баяндамасы ел назарына онлайн түрде ұсынылды.
Сары Батақұлы атындағы мәдениет үйінің режиссері А.Дәрібаевтың ұйымдастыруымен арнайы дайындалған театрландырылған көрініс қойылып, 1756–1829 жылдары өмір сүрген батыр, Кіші жүз құрамындағы Қаракесек руының Жаналы тармағынан тарайтын Шеке әулетінің өкілі, Досалы би ұлы Мәші батыр туралы толықтай мәлімет берілді.
Бойына батырлықпен қатар жомарттық пен тектілікті қатар ұстанған Мәші батыр адамды тегіне, дәулетіне қарап бөлмей өзінің дүниетанымының кеңдігін, ердің айнасы болатын өрмінезділігін, жан-жағына жалтақтамай ақиқатты тура айтып, еркіндікті ту етуі қасиеті мен тектілігін айқындай түсетін тарихы тұлға еді.
Міне, осындай аты аңызға айналған Мәші батырдың мазарын 2024 жылы Әлім–Тепер Қаракесек ұрпақтарының бастамасымен Жем бойына экспедиция жүргізілді. Бұл экспедиция — жай зерттеу емес, тарихпен бетпе-бет келу еді. Экспедиция барысында Мәші батыр мазары анықталып, оның орналасқан жері, сәулеттік ерекшеліктері және тарихи маңызы жан-жақты зерттелді. Мәші батыр мазары — далалық сәулет өнерінің бірегей үлгісі .
«Бірі би, бірі батыр, бірі әулие құмында бабалардың ізі қалған» атты облыстық конференция аясында басты демеуші, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері", «Мәдениет саласының үздігі», «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері, «Шалқар ауданының Құрметті азаматы», шежірелі Шалқар жерінің тарихынан сыр шертетін мәдени орталық Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Тлембаева Нағима Шенекуловна мен көп жылғы ізденіс пен қажырлы еңбектің иесі — Біржан Жәленов Жақсылықұлының бастамасымен Досалы би баласы Мәші батырдың өмірі мен ерлік жолдарын ел жадында мәңгілікке сақтау, ұрпақтарына үлгі өнеге ету мақсатында жарық көрген «Әлімнін бір баласы Ұланақ "Қаракесек" атты кітаптың салтанатты түрде тұсау кесері өтті.
Тұсауы кесер рәсімінде ҚР-ның «Құрметті құрылысшы» төсбелгі, «Ы.Алтынсарин» атындағы белгі иегері, «Ырғыз, Шалқар аудандарының Құрметті азаматы», облыстық батагөйлер сайысының гранпри жүлдесінің иегері - Елемес Жеткерген Данағұлұлы ақ батасын берді.
Шалқар жері үшін жандарын пида етіп, атқа қонған батырлар сахнада сомдалып, толық мәліметтер берілуі де келешек ұрпақтарымыз үшін жасалған игі іс болды.
Сонымен қатар Досалы би баласы Мәші батырдың майлы бояумен салынған портреті мен «Әлімнін бір баласы Ұланақ "Қаракесек" атты кітабы Ақтөбе облыстық тарихи –өлкетану музейіне; Шалқар аудандық тарихи – өлкетану музейіне, Байғанин аудандық музейіне, С.Бәйішев атындағы ғылыми әмбебап кітапханасына, Көкжар негізгі орта мектебіне сыйға тапсырылды. Конференция қонақтары Мәші батырдың портретін Шалқар аудандық тарихи – өлкетану музейініндегі өз өлкемізді қорғаған батырлар қатарына салтанатты түрде енгізіп, үлкен құрмет көрсетілді және
конференцияның басты мақсаты айқындалып, батырлар ерлігі кең көлемде насихатталды.
Конференцияның келесі бөлімі бойынша қонақтар Бершүгір өңіріндегі Ақтан Ақайұлының және Байқадам жеріндегі Есет-Дәрібай кесенесіне экскурсияға барып, батырлар рухына тағзым етті.
«Төлден мал өседі, шыбықтан тал өседі» деген қазақтың ғұрпында ағаш отырғызу салты ежелден бар. Көктемнің алғашқы күндерінен бастап, жергілікті халық сан түрлі ағаштан көшет дайындай бастайды. Негізінен, тектілік дарыған ұлттың игі жақсылары «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» қағидатын берік ұстанып келеді.
Осы орайда «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері", «Мәдениет саласының үздігі», «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері, «Шалқар ауданының Құрметті азаматы», 1756-1829 жылдары өмір сүрген жаужүрек Досалы би баласы Мәші батырдың тікелей ұрпағы Тлембаева Нагима Шенекуловнаның демеушілігімен тарихи мәдени мекеме Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің ауласына Мәші батырдың құрметіне жас шырша көшеттері отырғызылды. Бұл іс болашақта мекеме ауласының жасыл желекке орнауына, батыр бабаның есімі мен ерлік жолдарының ел есінде мәңгілікке сақталуына перзенттерінің қосқан үлкен үлесі екендігін айқындағандай.
Досалы би баласы Мәші батырдың құрметіне облыс көлемінде өткізілген «Бірі би, бірі батыр, бірі әулие құмында бабалардың ізі қалған» атты облыстық конференция барысы облыстық «Ақтөбе», аудандық «Шалқар», газеттеріне, Ақтөбе телеарнасында жарияланып, барша халыққа насихаттау жұмыстары жүргізілуде.

 

 

  • Басты бет
  • Музей тарихы
  • Музей құндылықтары
  • Жаңалықтар
  • Экспонат
  • Ғылыми қызмет
  • Қызметкерлер
  • Көпшілік шаралар
  • Көрмелер
  • Мектеп музейлері
  • Бейнероликтер
  • БАҚ жарияланымдары